Бүгінгі әңгіме Сингапур елінің білім жүйесі туралы болмақ. «Көрмегенге көсеу таң» демекші, жұрттың дүниесін есіміз кете мақтағалы отырған жоқпыз. Бірақ, Сингапур – білім мен ғылымға ұзақ мерзімдік инвестиция құйған, экономикалық даму бойыша жоғары көрсеткішке жетіп отырған ел екені шындық. PISA деген бар, әлем бойынша білім сапасын саралайтын халықаралық ұйым, сол ұйым осы ғасырдағы ең сапалы, жаңа дәуірдің оқушысы үшін ең тиімдісі Сингапурдағы білім жүйесі деген қорытындыға келіпті. Әлемде қаншама өзгеріс, даму болып жатыр, қарқыны таңғалдырады. Оған ілесу үшін біздегі білім жүйесін қайта қарау керек. Өйткені, өзіміз ғана кереметпіз деп тоқмейілсіп отыратын кез емес, біздің балалар әлемнің кез келген жеріне шыға алатын, жаһандық үрдісте өзін еркін сезініп, алған білім-дағдыларын осы қоғамды көтеруге жұмсай алатын дәрежеге жетуі үшін ең озық үлгілерден хабардар болуы шарт.