Мектептердің көп болғаны жақсы - жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, халықаралық болсын, бәрібір. Тіпті қазір микромектеп деген де бар. Сондай бір мектептің директорымен аз-кем сұқбаттасып қалғанбыз, оның айтуынша, микромектепте балаға жіті қарайтыны соншалық, баланың көңіл-күйі неге төмен екенін педагогтар бір қарағаннан-ақ сезіп қояды-мыс. Батыс елдерінде бұл формат бұрыннан бар: сыныпта бала саны неғұрлым аз болса, соғұрлым олар жақсы оқып, өзін еркін сезініп, мүмкіндіктеріне сенімді болып өседі. Елімізде шағын мектептер неге аз және олардың болашағы қандай, неге оқушыларды мектеп формасын киюге мәжбүрлемейді және сабаққа кешігіп келгені үшін ұрыспайды? Мұның бәрін La Perspective Française деп аталатын елордалық мектептер желісінің директоры, Сорбонна түлегі Санжар Марсалиев Ulysmedia.kz бас редакторына берген сұхбатында түсіндірді.