Өткен ғасырдың 1933 жылы алғашқы саны жарық көрген республикалық құқықтық, қоғамдық-саяси «Сақшы» және «На Страже» газеттерінің еліміздің ішкі істер саласы құрылымдарының жаңа заман талабына сай дамуына, полиция қызметінің қоғамдағы оң имиджін қалыптастыруда үлесі де, әсері де айтарлықтай. Былайша айтқанда, халыққа ішкі істер органдарының жұмысын ашық көрсететін ақпараттық-насихаттық міндет атқарып келеді десек те болады. 1935 жылға дейін Ішкі істер мининстрлігінің органы ретінде Орынборда шығып тұрған, 1957 – 1960 жылдар аралығында «Казахстанская милиция» болып аталып, 1990 жылдан «На страже» деген атпен орыс тілінде шығып, кейін үлкен басылымға айналған «Сақшы» газетінің шеф-редакторы Жұлдыз Тойбекпен сұхбаттасқан едік. Сұхбат беруші кейіпкерімізді таныстыра кетсек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. ҚР Ақпарат саласының үздігі Жұлдыз Райымбекқызы Тойбек 1967 жылғы 19 ақпанда Қарағанды облысына қарасты бұрынғы Егіндібұлақ ауданы Нығмет Нұрмақов атындағы ауылда дүниеге келген. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Желтоқсан көтерілісіне қатысушы. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», газетінде бөлім меңгерушісі, Халықаралық «Қазақстан-Заман» қоғамдық-саяси газетінде журналист, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аға оқытушы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да бейне-студияда менеджер болып қызмет атқарған.