Өткен ғасырда ұлт руханиятының көшбасшылары деп Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов,Темірбек Жүргенов қатарлы алаш ардақтыларын айтамыз. Бұлардың бәрі де туған халқын қайтсек ұшпаққа шығарамыз деп, жаудың қолында шаһит кеткен боздақтар болатын. «Біз халықтың басы, яки аяғы емес, жалғасымыз» - деп, ұлы Ахаңның (А.Байтұрсынов) айтқанындай қазақ қауымының рухани қазынасының сақшысы мен жоқшысы болып жүрген ағаларымыз бүгінде бар. Соның бірі – Мырзатай Жолдасбеков. Мырзакең әдебиетші-ғалым ретінде ақын-жыршы Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы жайлы ұзақ жыл зерттеп, ақын мұрасын ғылыми айналымға енгізген тұлға. Осы орайда, қазір сексенің сеңгірінен асып отырған ағамызды сөзге тарттық.