Көшпенділердің тұрмыстық өмір салты мен әскери жауынгерлік ісінің негізгі ұстыны – жылқы. Мысалы қырғыз халқының «Манас» эпосында соғыс жылқысы туралы: «Айқай шықса саспаған, Ай қараңғы түндерде, Аяғын ағат баспаған, Қарабайыр, қазанат, Қалбыр өкпе, жер тірсек...» деп сипатталса, халқымыздың батырлық дастандарында жауынгерлік сайыс аты жайлы:«Жануар жер қабады ала қашып,Тұқырып арыстандай аузын ашып.Сартылдап төрт аяғы бауырында,Аузынан келе жатыр көбік шашып» - деп жырланған. Бұлардан тыс көшпенділердің жауынгерлік ісінде жылқының рөлі жайлы мағұлматтар орта ғасырда Мысыр елінде билік жүргізген қыпшақ мәмлүктері туралы қолжазба деректерде көп сақталған екен. Бұл мәліметтер шын мәнінде, көшпенділердің байырғы жауынгерлік өнерінің нақты бір көрінісі екені анық. Өйткені, Мысыр жерінде билік жүргізген қыпшақтар ұлы даладан ауып барған біздің төл аталарымыз. Олар өздерімен бірге көшпенділердің соғыс өнерін сол өлкеде дамытты. Яғни, мысырлық қыпшақ мәмлүктердің жауынгерлік дәстүрін тану арқылы біз өз ата-бабаларымыз ежелгі жауынгерлік дәстүрін аңдай аламыз. Осы орайда, аталмыш тақырып бойынша ұзақ жыл зерттеу жасап бірнеше кітап жазған арабтанушы-ғалым Қайрат Сәкимен жүргізген сериалды сұхбаттың алғашқысы бөлігін партол оқырмандарына ұсынып отырмыз.