Шетелдегі қазақ балалары туралы бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген әріптесім Жанар Байсемізованың еңбегі орасан. Бұл тақырыпта қаншама деректі фильм түсірді, қаншама кейіпкерді экранға шығарып, қазақстандық қоғамға, қазаққа таныстырды. Шетел асқан қазақ балаларының қилы тағдыры бәріміз үшін сын. Себебі жерде бір жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді деген сөз бар. Жетімін жылатпаған елміз дейміз, бірақ қаншама мың қаракөзіміз шетел асты, жат ортада өсті. Олардың кейінгі тағдыры қалай болды? Төрт жасында америкалық отбасы асырап алған Әнел есімді қыз өзінің шыққан тегін іздеп, Қазақстанға келген екен. Мүмкін, көмегіміз тиер деп сұқбатқа шақырдық. Сұқбаттаса отырып, қазақ қызының өмірге деген көзқарасына, дүниетанымына таң қалдық. Оның қазақ тілін, мәдениетін, тарихын білуге деген құлшынысын көріп, сүйсіндік. Әнелдің Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатын өзі айтқан сөзімен оқырман назарына ұсынып отырмыз.