«Өнер саласын реттейтін заңнама талаптарын қайта қараған абзал деп ойлаймын. Репертуарлық саясатқа үлкен мән берген жөн деп айтып жүремін. Хит жасаймын деп жазылған мағынасыз әндерді, салт-дәстүрімізге жат әрекеттерді насихаттайтын каналдарды, бағдарламаларды жапқыза алмай келеміз, соған көңілім алаңдаулы. Фонограммамен жұлдыз боп алғандар қаншама? Мәдениет министрлігі тарапынан фонограмманы реттейтін заңнама шығаруға қол жетпей келе жатқаны ойландырады. Сахна мәдениетін сақтамағандарды жазалайтын заңнама тағы жоқ, халықтан өтірік кешірім сұрап, әнін айтып жүре береді»,-дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Үздік мемлекеттік қызметшісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Сәуле Қарабалина бізбен әңгімесінде. Өзі осы кезге дейін елуге тарта әнге сөз жазған адамның өнерді бағалап-бағамдауға қатысты ойы қанша өзекті болғанымен, әл-әзірге жағдай өзгермей келеді.