Қазақ халқы жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп әспеттеген. Жүздеген ғасырларға созылған көшпенді өмір салтының негізгі аспектісі мал шаруашылығы десек, соның ішінде жылқы түлігінің маңызы ерекше. Өйткені, қазақ бабаларымыз жылқы түлігін асылдандыру арқылы оны түр немесе түске бөліп дамытқан. Жылқытанушы – ғалым Ахмет Тоқтабай: «Ертеде қазақтар асыл тұқымды шығыс айғыр шаптырып алған жылқы тұқымынның бірінші ұрпағын – қарабайыр, екінші ұрпағын – арғымақ, үшіншісін – қазанат, төртіншісін – қазмойын деп бөлетін» десе Махамбет жырау: «Арғымақтан туған қазанат, Қазанаттан туған қазмойын», деп жырлауы тегін емес. Сол сияқты «Манас» жырында: «Айқай шықса саспаған, Ай қараңғы түндерде, Аяғын ағат баспаған, Қарабайыр, қазанат...» деген жолдар бар.