Кіші жүз қазақтарының Сырымға дейін де, кейін де Ресейдің отарлау саясатына қарсылық көрсетіп, көтеріліске шығып отырғанын тарихтан білеміз. Өйткені Жайық казактары бұл жақта отарлау саясатын үнемі тізеге салып, озбырлықпен жүргізіп отырғандықтан, бойында қайраты бар ерлер ондайға шыдап отырмасы белгілі. Бірақ ондай көтерілістер өзара басбірлік жетіспей, шашыраңқы жүргендіктен нәтижесімен есте қалмағаны да аян. Міне, осы кезде тарихтың өзі Сырымды тудырды. Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілістердің басындағы көсем ретінде аталуы оның тек қолына қару алып, қайратына мінген батыр ғана емес, кейде салқын ақылға жүгіндіріп, мәмілеге келе білген саясаткер әрі соңынан қалың қолды ерте алған қолбасшы, он төрт жыл бойы күрестен шаршамаған айбынды ер болғандығында. Батырдың ұлт үшін жасаған ерлігі мен еңбегі, өнегесі кейінгі ұрпақ үшін керек. Биыл Сырым батырдың туғанына 280 жыл толып отыр, осыған орай Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Мағауияқызы Ойшыбаевамен сұхбаттасқан едік.