Көшуді ойлаған кез келген адам, алдымен, баратын жерінің жай-жапсарын зерттеп, зерделейді. Ол басқа ел болса, онда жөні тіпті бөлек. Мысалы, Германияға қоныс аударуды алайық. Сайттан қарап, пікірлерді оқисың, әйтеуір бірден тартып кетпейтінің анық. Егер оқу, емделу немесе туыстармен қауышу сияқты нақты себеп болмаса, көп жағдайда бұл ойдан бас тартамыз. Себебі бұл еуропалық елде шетелден келгендерге талап өте қатаң: елде қалуға рұқсат бермес бұрын бүкіл өмірбаяныңды жіті тексереді. Ал егер өткен жолыңда қылмыстық бап бойынша соттылығың болса, уақытыңды босқа кетірмей-ақ қоюға болады, себебі бәрібір бас тартады. Алайда түсініксіз бір себептермен Қазақстан азаматы Мақсат Дүйсенов бұл көші-қон сүзгісінен еш кедергісіз өткен. Оның ұсталып, тіпті Нюрнберг түрмесіне қамалғаны туралы біз өткен жылдың қыркүйек айында жазғанбыз. Ол кезде Қазақстанның Бас прокуратурасы бұл ақпаратты растаумен қатар, Дүйсеновтің халықаралық іздеуде жүргенін де хабарлаған еді. Бірақ арада жарты жыл өткен соң, бұрынғы көлік прокурорының ісінен неміс тарапы еш заңсыздық көрмеген сияқты, әлде біз естіп өскен «немістер заңды қатты құрметтейді» деген сөздің бос сөз болғаны ма?
Басқа