Ерте заманнан тарихи әңгімелерге сусындап өсіп, оны халыққа жеткізіп отыратын адамдар өмір сүрген. Қазақтар ол кісілерді шежірешілер немесе шежіре айтушылар деген. Біріншіден, «шежіре» сөзі – ақсақалдардан ғасырдан ғасырға беріліп, ұрпақ жалғастығын табатын тарихи құнды мұра. Араб тілінен алғанда, «шежіре» сөзі ағаштың бұтағы дегенді білдірсе, көне моңғол мен түркі тілінде рухани мұра немесе есте сақтау қабілетін шыңдайтын, ойда сақталатын білім болып саналады. Мысалы, моңғол тілінен алып қарастырсақ, «шежіре» «цээжээр» деп айтылады, ал қалмақтарда «шежіре» «чееджыр дасх» делінсе, тувалар – «шээжилээр», мағынасы «жады, есте сақтау, адам жадысындағы білім, жатқа айту» дегенді білдіреді.