Күн сайын әлемде әрбір аурухана төсегінен 0,5 келі биомедициналық қалдық бөлінеді. Ал Қазақстан бойынша жылына 18 мың тонна БМҚ шығарылады. Қазіргі таңда әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін мұндай қалдықтарды утилизациялаудың маңызы арта түсті. Өйткені инфекцияланған және улылығы жоғары БМҚ көлемі көбейе түскен сайын, адам денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының термофизика және техникалық физика бөлімінің меңгерушісі Александр Устименко осы проблеманы шешудің инновациялық әдісін ұсынып отыр.