Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында тұрғындар арнайы қызметтермен бірге су тасқынымен күресіп жатыр. Арнасынан шығып тасыған Есіл өзені жан-жақтан қаумалап, елді мекенге кіріп жатыр. Таңертеңнен бері 109 үй су астында қалды. Бескөл ауылы тұрғындарының айтуынша, бүгін түнімен ұйқы болмай бөгеттерді нығайтқан. Алайда таңғы сағат 7.30 шамасында бөгет Жамбыл көшесі жағынан қатты ағын суға шыдас бермей бұзылып, су ауылға лап берген. Екі сағаттың ішінде бірнеше үй суға кетті.