Қазақ қоғамында амандасу – жай ғана кездескен адамның бір-біріне сәлем беруі емес, тәрбиенің, құрметтің және адам арасындағы қарым-қатынастың көрінісі. Халқымыздың «Сәлем – сөздің анасы» деуі де осыдан. Бір ауыз сәлемнің өзінен адамның үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізеті аңғарылған. Кеше Құрылтай сайлау барысында дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы амандасу мәдениетіне де назар аударды. Мемлекет басшысы қазақтың дәстүрлі амандасу әдебін сақтаудың маңызын айтып, ер адамдардың құшақтасып, сүйісіп амандасуына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазақы ортада қол алысып, жылы жүзбен амандасу, ал ерекше жағдайда оң қолды кеудеге қою сияқты әдеп үлгілері болған. Президенттің бұл пікірі қоғамда қызу талқыланып, қазақтың дәстүрлі амандасу мәдениеті қандай болғаны туралы мәселені қайта күн тәртібіне шығарды.