Түркістан облысында қыз зорлады деген күдікпен Арыс қаласының тұрғыны ұсталды. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс полицейлері Арыс ауданындағы кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер дерегі бойынша соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 21 мамырда Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түскен. "Арыз негізінде полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде күдіктіні "ізін суытпай" сол сағатта ұстады. Ол Арыс қаласының тұрғыны болып шықты" делінген хабарламада. Бұл факт ҚР қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша тіркелген. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. "Полицейлер дағдарыс орталығымен байланысып, қызбен психологтар жұмыс жүргізді. Қазір жасөспірім үйінде, сараптама қорытындысына сәйкес, қыздың денесінде басқа да жарақаттар анықталған жоқ. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. Жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз" делінген хабарламада.