Орыс-жапон соғысы кезінде абыройы айрандай төгілген Ресей алдағы уақытта ең үлкен қауіптің Қиыр Шығыстан төнетінін айқын аңғарды. Арада тура он жыл өткенде 1914 жылы Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғысқа кіріп, ойсырай жеңілуі үш ғасырдан астам билік жүргізген Романовтар әулетін тақтан тайдырып, елде бүліншілік ахуал қалыптастырды. Қазан төңкерісі мен Азамат соғысы империяның тоз-тозын шығарып, апатты жағдайға алып келді.